Жаңалық - Қазақстан жаңалықтары
новость от 08.08.2025
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында
премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу
барысы туралы айтып, өңірлік даму, инфрақұрылымды жаңғырту, су ресурстарын
басқару және ТЖМ дайындығын арттыру жөніндегі стратегиялық бастамаларға назар
аудартты.
Соның ішінде вице-премьер Үкімет өңірлердің өмір
сапасын арттыру және экономикалық потенциалын ашуға бағытталған Қазақстан
Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасын
бекіткенін атап өтті. Онда әлеуметтік, инженерлік және көлік объектілеріне қол
жеткізудегі диспропорцияларды жоюға, неғұрлым артта қалған өңірлерді
қаржыландыруда басымдық беруге ерекше назар аударылған.
Сондай-ақ ұзақ мерзімді шарттар жасасуды,
индустриялық аймақтар құруды, шағын және орта бизнесті дамытуды қарастыра
отырып моноқалаларды дамыту мақсатында жаңа шаралар әзірленді.
Ауылдық аумақтарды дамыту үшін «Ауыл аманаты» және
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары үйлесімді түрде іске асырылуда. Биыл «Ауыл
аманаты» жобасы бойынша 50 млрд теңге бөлінді, 2026–2028 жылдары тағы 450 млрд
теңге бөлу жоспарлануда. Бұл қаражат 25 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға және
100 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы 2024 жылғы Қазақстан халқына
Жолдауында бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге ерекше назар
аударды. Осы мақсатта біз «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту
туралы» ұлттық жобаны бекіттік. Ұлттық жобаны заңнама тұрғысында іске асыру
үшін 17 шілдеде Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды, ол 29 шілде күні
күшіне енді.
Алдын ала бағалаулар бойынша Ұлттық жобаны бес және
одан да көп жылдар бойы жүзеге асыру үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция
тарту қажет. Ол 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеу және салу үшін,
жиынтық көлемде 7,3 Гвт қосымша генерациялау көздерін іске қосу үшін жұмсалмақ.
Мұнша қаражатты төрт қаржы көзінен тарту қарастырылып отыр. Олар – отандық және
халықаралық қаржы институттары, екінші деңгейдегі банктер, бюджет және Ұлттық
қор, бизнес иелері боп келетін акционерлер», — деп атап өтті вице-премьер.
Оның айтуынша, бүгінде Ұлттық жоба жүзеге асырыла
бастады. Оған пилоттық жоба аясында 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС)
қатысып жатыр. Тағы 22 жоба қарастырылу кезеңінде тұр. Жыл соңына дейін 6
инфрақұрылымдық компания тозудың «қызыл» деңгейінен «орташа» деңгейіне көшіп,
тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетеді деп күтілуде. Биыл жалпы сомасы 150 млрд
теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Оған 8,5 мың шақырым желіні жөндеп, 42
мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарлануда.
Ал 2026 жылы 9,7 мың шақырым желіні жөндеуге және 46
мың бірлік жабдықты ауыстыруға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп
отыр. Елішілік құндылықты арттыру бөлігінде жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 2 786
тауар позициясы айқындалып, олар бойынша 220 отандық тауар өндірушілерден пул
жасақталды.
«Отандық тауар өндірушілерді дамыту, импортқа
тәуелділікті азайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ
бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті
Қанат Бозымбаев.
Цифрландыру аясында екі негізгі бағыт жүзеге
асырылуда. Олар – Электронды сатып алу платформасы және «SMART TURMYS» ТКШ
ақпараттық жүйесі. Сондай-ақ арнайы web-портал мен байланыс орталығы
әзірленуде.
Су саласын дамыту бойынша вице-премьер биыл Мемлекет
басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Су кодексі қабылданып, 10
маусымда күшіне енгенін атап өтті.
Бүгінде 6 мыңнан астам шақырым канал қайта
жаңғыртылуда, соның ішінде шамамен 200 мың гектар жерді сумен қамтитын 962
шақырым канал осы жылы пайдалануға берілмек.
Жыл соңына дейін бірнеше су қоймасының құрылысы мен
реконструкциясы аяқталмақ, оның ішінде Түркістан облысындағы «Қарақуыс» су
қоймасы да бар. Сондай-ақ 105 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру
жүргізу және 6 облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша
10 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Осы жылдың көктемгі кезеңінде Қазақстан су
қоймаларына 16,9 млрд текше метр су
жиналды. 2024–2025 жылдары Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текше метр су
жіберілді. Соның нәтижесінде су қоймасындағы судың көлемі 24,4 млрд текше
метрге дейін өсті.
«Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге
су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында
фермерлерге қажетті жағдайлар жасалды. Осылайша, 2027 жылдың соңына қарай су
үнемдеу технологияларын қолданатын жерлердің жалпы ауданы 912 мың гектарға
дейін жеткізілмек. Сол мақсатта ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын құруға, су
үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарды өтеу
үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, егіндік суды шектен тыс тұтыну тарифі
20%-ға көтерілді, тарифке байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері
енгізілді», — деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер төтенше жағдай саласындағы атқарылып
жатқан жұмыстарға да бөлек тоқталды. Министрлік жыл басынан бері 60 мыңнан
астам шығуды жүзеге асырып, 10 мыңнан астам адам өмірін құтқарған. Өрт
жағдайының тәулік бойы мониторингі үшін орман шаруашылықтарының бейнебақылау
жүйелері ТЖМ-нің Ахуал орталығына қосылған. Заманауи құрал-жабдықтар мен
техникалар, соның ішінде ұшақтар сатып алынған. Одан бөлек биыл маусымда
Азаматтық қорғау туралы заңға түзетулер енгізіліп, өрт және өнеркәсіптік
қауіпсіздік талаптары қатаңдатылды, өрттен сақтандыру тетігі енгізілді.
ҚР Премьер Министрінің ресми сайты
барлық дауыс: 5659
дауыс мұрағаты